СЕМЕЙ, 11 тамыз. Семейде ер адамның көлігінен бір келіге жуық есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 1 тамызында Семей қалалық ПБ Әуезов ПБ қызметкерлері республика аумағында өтіп жатқан “Қарасора” жедел алдын алу шарасы кезіндегі рейдтік іс-шара барысында Семей қаласынан Курчатов қаласына шығатын тас жолдың бойында 38 жастағы қала тұрғынының басқаруындағы ВАЗ автокөлігі тоқтатқан. Жүргізуші мен көлік ішіндегі екі жолаушының өздерін ұстауы күдікті боп көрінген соң, көлікті тексеру үшін оқиға орнына АПБ жедел-тергеу тобы шақырылады.
Тергеу-жедел тобы жасаған тінту барысында көліктің жүк салғышының ішінде кептірілген өзіне тән иісі бар жалпы салмағы бір келіге жуық шөп салынған үш полиэтилен пакет табылып, тәркіленеді. Тағайындалған сот-химиялық сараптама қорытындысы негізінде тәркіленген жасыл өсімдік тектес зат кептірілген есірткі зат “марихуана” болып шықты.
– Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер істің барлық мән-жайын және ер адамның өзімен бірге үлкен мөлшердегі есірткіні не үшін алып жүргенін анықтауда, – деді Семей қалалық Полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев.