НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша. Орталық Азиядан, соның ішінде Қазақстаннан шыққан радикалдардың шоғырлануы туралы мәліметтерді ҰҚК «Барлау» қызметі өткен ғасырдың 90-шы жылдары білген, ауғанстан-пәкістан шекарасы маңайында жиһадшылар жергілікті әскери лагерьлерде діни және әскери дайындықтан өтеді, деп ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
Насихаттық торларына қазақстандық азаматтарды да түсіріп алған жиһадшылардың жоспары, біздің еліміздің және аумақтың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірді.
Алғашқы барлау ақпараттары біздің Отанымыз үшін зиянды идеялармен уланған қазақстандықтардың шоғырланған жерлері туралы, жеке бастары туралы нақты мәлімет алуға мүмкіндік бермейтін. «Барлау» талдаушылары қауіп-қатер ошақтарын ауыздықтау үшін шұғыл түрде шаралар қолдану керектігін түсінді.
Жедел қызмет қазанында қайнап шыққан полковниктер мен талдау жұмысына ерекше қабілеті бар лейтенанттардың қатысуымен шұғыл түрде «Айсберг» операциясының жоспары дайындалды. Олар жиналған ақпараттарды зерттей келе, барлаудың ысылған тәжірибелі жолымен жүруді ұйғарды. Жоспарды нақты орындаушылар белгіленді, рөлдер үлестірілді, дайындалған және енді қабылданған агенттерге айтарлықтай маңызды көңіл бөлінді.
Дайындық лагерьлерінің орналасқан жерлері, топтасу құрылымы және әскери дайындық әдістері туралы құнды ақпаратты қазақстандық барлаушылар тыңғылықты жолға қойылған шетелдегі агентуралық жүйе арқылы Орталыққа жібере бастады. Осы мәліметтер іргелес елдердің аумағы арқылы терроршылардың тұрағына тыңшыларды жіберу бойынша «Айсберг» барлау операциясының белсенді фазасының басталуына әсер етті. Терроршылар іс-әрекетінің ұйымдастырылуы мен үйлестірілуін білу үшін олардың ортасына барлаушы жіберудің қажеттігі туындады.
Тәжірибелі жедел қызметкер Сапарғали Ұқтайұлы Әубәкіровке үміт артылды, оның өз өмірін тәуекелге тіге отырып, Отан алдындағы қойылған міндетті қалайда орындайтындығына сенім білдірілді. Жедел ой-ниет талабы бойынша Әубәкіров Оңтүстік Азияның бір еліне жіберілді.
Терроршы топтың арасындағы агентуралық-барлаушылық жұмысты ойдағыдай жүргізген ол теологиялық білімі бар және жиһад идеясымен уланған Қазақстан азаматтары туралы маңызды мәліметтерді жинау операциясын сәтті өткізді.
Біздің мемлекетіміздің аймағында теракті ұйымдастыруды жоспарлап жүрген ортаазиялық жиһадшылар тобының арасына ойдағыдай енді. Резидент құнды ақпаратты дер кезінде Орталыққа жіберіп, ондаған бейбіт адамдардың өмірін жалмауы мүмкін радикалдардың көптеген акциясына кедергі жасады.
«Шығыс Түркістанның ислам партиясы» халықаралық террорлық ұйымы мүшелерінің қатерлі мақсаттарын жүзеге асыруға подполковник Әубәкіров 2005 жылы қаңтар айында кедергі жасай отырып, радикалдардың қолынан қаза тапты. Қазақстандық барлаушының өміріне қастық жасаған терроршылар сол мезетте қандай қателік жасағандарын жете түсінбеді.
Тәжірибесі мол барлаушының терроршылардың қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат Орталыққа түскеннен кейін ҰҚК Сыртқы барлау қызметі барлық басшыларды және жедел құрамды шұғыл түрде дабыл бойынша көтерді. Арнайы жиналған жиналыста қайғылы жағдай талқыланды. Сапарғали Әубәкіровтің денесі арнайы бортпен Отанына жеткізіліп, офицерлік сый-құрметпен жерленді. Зират басында әріптестері қатты қайғырып, өлтірген адамды тауып кек қайтаруға ант берді.
Жас барлаушылардан және тәжірибелі жедел қызметкерлерден тұратын арнайы топ құрылды, «Нысан» деген шартты атау алған барлау операциясы, Сапарғали Әубәкіровтың өліміне қатысты барлық адамдарды іздеуге кірісті. Офицердің өмірінің соңғы күндері тыңғылықты түрде зерттелді, барлық байланыстарына талдау жүргізе отырып, оның өліміне қатысты адамдарды анықтап жауапкершілікке тартты.
ҚР Президентінің Жарлығымен батылдығы және көрсеткен ерлігі үшін барлаушы «Даңқ» орденімен, ҰҚК Төрағасының бұйрығымен ҰҚК құрметті наградасы – «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен қайтыс болғаннан кейін наградталды.
Жедел қызметкерлердің келесі ұрпағына Әубәкіров Сапарғали Ұқтайұлының қаһармандығы, терроршылар арасына кірген кездегі атқарған жұмыстарының әдістері мен тәсілдері тәжірибе ретінде айтылуда. Оның қосқан үлесі барлаушылардың жаңа буынының қалыптасуына және жұмыс бағытына оң әсерін тигізіп отыр. Терроршылардың үнемі кеңейіп отырған географиялық дислокациясы қазіргі таңда ауған-пәкістан аумағы ғана емес, сонымен бірге Таяу және Орта Шығыс мемлекеттері, Солтүстік Африка аймақтары болып отыр.
Әубәкіров Сапарғали Ұқтайұлы 1959 жылы 22 қаңтарда Павлодар облысы Ермаков ауданындағы Куйбышев атындағы кеңшарда дүниеге келген. Оның өмір жолы Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болатындығы анық.
Павлодар қаласындағы №8 мектеп мұғалімдері шәкірттерінің сыныпта көшбасшы болғанын, өзінің жетістіктерімен сыныптастарына үлгі көрсеткенін атап өтеді.
Мектепті бітіргеннен кейін «Октябрь» эксперименталды-тәжірибелік Павлодар зауытының механикалық жинақтау цехында кесуші болып жұмыс істеген.
Ол Отан тарихы бойынша ата-бабаларымыздың ерлігі туралы жазылған кітаптарды қызыға оқитын. Әсіресе біздің еліміздің басына түскен от жалынды соғысқа қатысқан Отан қорғаушы ардагерлермен, жерімізді келер ұрпақ үшін сақтап қалған адамдармен әңгімелесуді жақсы көретін. Отанына қызмет еткісі және оны жаудан қорғағысы келетінін сол кезде-ақ түсінген.
Мерзімді әскери қызметін теңіз флотында өткереді. Қызметтестерінің арасында өзінің сыңғырлаған даусымен және гитарада ойнап отырыстың сәнін келтіріп, әскери күндерді қызықты өткізетін. Қиын сәттерде қол ұшын беретін оның адалдығы әріптестерінің есінде. Флоттағы әскери қызметі кезінде ер азаматқа тән мінезін шыңдағандығы да шындық.
КСРО Қарулы Күштері қатарында мерзімді әскери қызметтен кейін Павлодар трактор зауытында еңбек етті. Сапарғалидың жұмыста жеткен жетістіктері, белсенді өмірлік позициясы арқылы ҚСРО МҚК назарына ілігеді. Жұмысшы жастар қатарындағы болашағы зор жігіт ҚСРО МҚК Ф.Э. Дзержинский атындағы Жоғары мектебіне жолдама алады.
Жоғары мектепте оқып жүргенде өзінің болашақ жары Тоғжанмен танысып, соңғы курста оған сөз салады, сөйтіп, оның ұйыған отбасын құру арманы орындалды.
Оқуды бітіріп келген Сапарғали ҚСРО МҚК – ҚР ҰҚК органдарының қарсы барлау және барлау бөлімшелерінде қызмет етті.
Әріптестерінің айтуынша, ол дипломаттық және барлау жұмыстарын шебер үйлестіре орындаған жарқын дипломат болды.
«Ақылдылығы, мейірімділігі және адалдығы мені әрқашан таңғалдыратын, себебі бұл қасиеттің бәрі бір адамда болуы өте сирек, сондықтан өмірімде Сапарғалимен кездескенім үшін бақыттымын.
Сүйетін адамды жоғалту сезімі қазіргі күнге дейін қайғылы, бұл өмірде әрбір адам бір іс үшін жаралғанын түсінесің. Өз жолын таңдай отырып, Сапарғали бар күш-қуатын Отанына, туған жеріне, ең жақын адамдарға, туғанына қызмет етуге, борышын өтеуге арнады…».
С.Ұ. Әубәкіровтің жұбайы
Әубәкірова Тоғжанның естелігінен