НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі 6 мамырға дейін ұзартылды. Бұл туралы ҰҚК мәлім мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы төрағасы К. Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Ә. Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 мамырына дейін, сондай-ақ бұрынғы орынбасары Д. Ерғожинді қамауда ұстау 8 мамырға дейін ұзартылды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар 22 ақпанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану күдігі бойынша ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары М.Өсіпов ұсталған болатын. Осы орайда оны қамауда ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы материалдар прокуратураға жолданған.
Күдіктілер тергеу изоляторында қамауда отыр. Атап айтқанда, олардың әрекетінің жағдайын ескере отырып, қылмыстық іс «аса құпия» тәртібі бойынша тергелуде.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты осы жылдың 6 қаңтарында ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігімен мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Биыл наурыз айында Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.