Дамаск. 4 мамыр. Сирия үкіметінің әскері Дамасктің оңтүстігіндегі Эль-Хаджар әл-Асвад қаласына бекінген «ДАИШ» (Қазақстанда тыйым салынған) содырларын қоршауға алды, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Нәтижесінде әскерилер бұл мекенді екіге бөліп, лаңкестердің сыртпен байланыс жолдарын кесіп тастады. Қазір үкімет жасақтары осы шаһар мен Ярмук босқындар лагеріне шабуылды жалғастырып жатыр. Әскерилердің айтуынша, олардың алға жылжуына қаладағы ғимараттардың тығыз орналасуы мен жерасты жолдары кедергі келтіруде.
Айта кетейік, бұл елді мекендер – лаңкестердің Дамаск түбіндегі соңғы бекіністері. Егер әскерилер оларды бақылауына алса, Сирия астанасының төңірегі қарулы топтардан толық тазартылады.