ТАРАЗ, 21 тамыз. Жамбыл облысы Шу ауданындағы Жаңа жол ауылының 25 жастағы тұрғынынан 125 келіден астам марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктіні «Көкнар-2019» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында қолға түсірген.
«Қолға түскен күдіктіден өзіне тән ерекше иісі бар өсімдік салынған төрт қап тәркіленді. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, бұл жалпы салмағы 125 келі 800 грамм «кептірілмеген марихуана» есірткісі»,-делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, бүгінгі таңда күдікті кінәсін мойындады. Ол Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осы іс бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.