ТАРАЗ, 05 қараша. Жамбыл облысында есірткі дайындаумен айналысып келген қылмыстық топ ұсталды. Олардан 149,6 келі марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
29 қазан күні түнгі сағат 2:00 шамасында «Көкнар-2019» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі дайындауды кәсіп еткен 5 күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы аталмыш департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Т.Рысқұлов ауданы Қызыл-Шаруа ауылы, «Құлдыбай« учаскесінің маңында жабайы сораны жинау және дайындау кезінде Жамбыл облысының бес тұрғыны ұсталып, олардан 149,6 келі марихуана және сораны кесу үшін екі орақ тәркіленді», — делінген ведомство мәліметінде.
Бүгінгі таңда күдіктілер кінәсін толық мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалған. Факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.