ӨСКЕМЕН, 12 ақпан. Өскемен қаласында тәртіп сақшылары синтетикалық есірткілердің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 4 ақпан күні полиция қызметкерлері есірткі сатумен айналысқан Алматы облысының тұрғынын ұстады. Ол Өскеменде жалдамалы пәтерде тұрған. Сатылатын есірткілерді қаланың әртүрлі жеріне жасырып кету функциясын атқарған. Баспанасын тінту кезінде қызғылт, көк және ақ түсті ұнтақтар салынған 40-тан астам орама табылды. Сондай-ақ көк, қара және жасыл түсті изолента, 41 полимерлі пакет (стикерлер), екі орама фольга мен электронды таразы табылды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат – жалпы салмағы 92,14 грамды құрайтын «альфа-пирролидиновалерофенон» есірткісі екендігі анықталды.
«Тергеу барысында күдікті Өскеменге психотроптық заттарды әзірлеп, оларды белгілі бір орынға жасырып кету жолымен интернет арқылы сату үшін биылғы қаңтардың соңында Алматы қаласынан келгенін мойындады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. ҚР Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген ведомство мәліметінде.