НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр. Беларусь президенті Александр Лукашенко елдің -қылмыстық кодексіне лаңкестік әрекеті жасауға оқталу үшін өлім жазасын қарастыратын түзетулерге қол қойды. Құжат 18 мамыр, сәрсенбі күні Ұлттық құқықтық порталда жарияланды, деп DW агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
«Беларусь Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заң Қылмыстық кодекстің 67-бабының 2-бөлігінің редакциясын өзгертеді, оған сәйкес қылмысқа дайындалу және оқталу үшін өлім жазасы тағайындалмайды. Енді онда ерекшелік пайда болды: соттар 124-баптың 2-бөлігінде (шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның өкіліне қарсы терроризм актісі), 126-баптың 3-бөлігінде, 289 баптың 3 бөлігінде(халықаралық терроризм актісі) және 359-баптың 2-бөлігінде (мемлекет немесе қоғам қайраткеріне қарсы терроризм актісі) көзделген «қылмысқа оқталу» үшін өлім жазасын тағайындай алады.
Бұл ретте 18 жасқа толмай қылмыс жасағандарға, 65 жастан асқан ерлер мен әйелдерге өлім жазасы тағайындалмайды. Заң қол қойылғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.