АСТАНА, 07 қазан. ҰҚШҰ-ның жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің құрамдас бөліктерінің үйлесімді іс-қимыл машықтары «Өзара іс-қимыл» командалық-штабтық, «Іздеу» барлау күштері мен құралдарының арнайы жаттығуы және «Эшелон» әскерлерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету оқу-жаттығулары барысында көрсетілді, деп Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіның баспасөз қызметі хабарлады.
Оқу-жаттығудың жабылу рәсіміне ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Тахир Хайруллоев, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров, Беларусь Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Виктор Гулевич, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, әскери-дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов халықаралық оқу-жаттығулардың ауқымы кең және қатысушылар кәсіби деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
– «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары шеңберінде басқару органдарының үйлесімді іс-әрекеті, жауынгерлік әзірлікті және жедел үйлесімділікті жетілдіру бойынша міндеттері орындалды. Қатысушылардың барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Жауынгерлік техника мен қаруды кәсіби тұрғыда меңгеру арқылы сіздер дайындық деңгейлеріңіздің лайықты екендеріңізді көрсеттіңіздер, – деп атап өтті генерал-лейтенант Марат Құсайынов.
Басшылық пен қатысушылардың пікірлерінше, оқу-жаттығулар ҰҚШҰ ұжымдық күштері қолбасшылығының әскерлерді басқарудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін, далалық машық деңгейін және жедел әрекет ету күштері іс-қимылдарының үйлесімділігін жоспарлаудағы, қамтамасыз етудегі практикалық дағдыларын арттыруға, міндеттерді орындаудың жаңа нысандары мен тәсілдерін әзірлеуге және меңгеруге мүмкіндік берді.